
Алматы волонтерлері Наурыз мерекесіне орай коммуналдық қызметкерлерге наурыз көже таратты
Алматы волонтерлері игі істер марафоны аясында коммуналдық қызметкерлерге ұлттық тағам – наурыз көже таратып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Фронт-офис волонтерлері Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен жұмыс істеп, жыл бойы түрлі игі істерді жүзеге асырып келеді.
Еріктілер қаланың аудандарын аралап, күнделікті тынымсыз еңбек етіп жүрген тазалық қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп, наурыз көже таратты.
«Наурыз – жаңару мен жақсылықтың мейрамы. Біз бұл мерекенің шынайы жылуын барша адам сезінгенін қалаймыз. Әсіресе, күн сайын елеусіз еңбек етіп жүрген жандарды қуантқымыз келді», – дейді фронт-офис волонтері Елдар Байгабылов.
Алматы волонтерлерінің фронт-офисі жыл бойы қоғамға пайдасы тиетін игі жобаларды жүзеге асырып келеді. Қыс айларында еріктілер қар тазалау жұмыстарына көмектесіп, жалғызбасты зейнеткерлерге азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізумен айналысты.
Игі істер марафоны жыл соңына дейін жалғасады. Алда – түрлі әлеуметтік топтарға арналған жаңа бастамалар мен іс-шаралар. Волонтерлер жыл соңына дейін мүмкіндігінше көбірек адамға көмек көрсетіп, қоғамға пайдасын тигізуді мақсат етіп отыр.




