Алматы жастары концерттен соң қоқыстарды жинап кетті
19 сентября 2024

Алматы жастары концерттен соң қоқыстарды жинап кетті

Концерт аяқталған соң, Орталық стадионының айналасы қоқысқа толып қалғаны байқалды. Бұл көрініс қала жастарын алаңдатпай қоймады. Осыны ескерген жастар жиналып, қолдарына қоқыс жинауға арналған сөмкелер мен қолғаптар алып, стадион іші мен айналасындағы қоқысты жинауға кірісті. Жастар әрбір қоқыс қалдығын мұқият жинап, қоқыс контейнерлеріне жеткізді.

"Қалаға деген сүйіспеншілік табиғатқа деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан біз ортақ үйіміздің әдемі көрінісін барынша сақтай аламыз! Біз көппіз, ал қала жалғыз. 

Әр адам өзінің ортақ үйіне қамқорлық жасағанда, қаланың әдемілігі мен жайлылығы да сақталады. Табиғат пен қаланың үйлесімді болуы біздердің әрқайсымыздың қолымызда. Кішкентай қадамдар мен жауапкершілік арқылы біздер қала өмірінің сапасын арттыра аламыз, сонымен қатар табиғатқа деген сүйіспеншілігімізді көрсетеміз. Әрқайсымыздың әрекеттеріміз қаламыздың келешегіне үлкен әсер етеді", - деді өз сөзінде Алматы қаласының волонтері Елдар Байғабылов

Бұл бастама тек қала тазалығын сақтап қана қоймай, жас ұрпақтың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Алматының тұрғындары мен қонақтары жастардың осындай ұйымдастырушылық қабілеттеріне жоғары баға беріп, оларға қолдау білдірді.

Жастардың бұл игі ісі қалада әлеуметтік белсенділік пен жастар арасындағы экологиялық мәдениеттің әдемі үлгісі болды.

Алматы жастары концерттен соң қоқыстарды жинап кетті