
«Youth nomads» жобасы: Алматыда базар жастары арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті
Ағымдағы жылдың 30 шілде күні Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен қаламыздағы «Rakhat.kz» базарында «Youth nomads» ұлттық спорт түрлерінен жарыстың ашылу салтанаты өтті.
Аталмыш жобаға қатысуға Алматының 40 базарынан 500-ге жуық жастар ниет білдірген. Олар 2 күн бойы қазақ күресі, арқан тартыс, қол күрес, асық ату және қой көтеру секілді ұлттық спорт түрлерінен бақ сынасатын болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, сайыстың негізгі мақсаты — базар жастары арасында ұлттық спорт түрлерін насихаттап, салауатты өмір салтын қалыптастыру.
– Бүгінде Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы жастарды жан-жақты қолдау бойынша түрлі жобаларды жүзеге асырудамыз («IQ-ALA jastary», «BookVibe», Жас сарапшылар мен пікірсайысшылар клубы, «Тәуелсіздік ұрпақтары», «ALMA CUP»). Сондай ерекше жобаларымыздың бірі – Youth nomads. «YOUTH NOMADS» жобасы бірегей мәдени дәстүрлерді қолдауға ықпал ететін жастар арасында ұлттық спорт түрлерін сақтауда және насихаттауда маңызды рөл атқарады. Қала базарларында жұмыс жасайтын жастар арасында ұлттық 5 спорт түрінен (қазақша күрес, арқан тартыс, асық ату, қол күрес және қой көтеру) жарыстар өтетін болады. Осы орайда аталмыш жобаға қатысып жатқан барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді өз сөзінде Алматы қаласы Жастар саясаты басқарма басшысының міндетін атқарушы Азиз Кажденбек.
«Youth nomads» жобасы қаламызда 2023 жылдан бастап өткізіліп, базар жастары арасында ерекше қызығушылыққа ие болған. Ұйымдастырушылардың айтуынша аталмыш жоба келесі жылы да жалғасын таппақ. Сайыстың биылғы жүлде қоры 2.500000 теңгені құрады.
Сонымен қатар, шара аясында көрермендерге қолөнер көрмесі, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.




